"Интернет сұхбат"

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігімен онлайн-сұхбат


1-сұрақ: Сапалы білім беру қызметінде мұғалімнің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады. Сіздің ойыңызша ұстаз қандай болуы керек? Олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалған ба?

Күнделікті өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық — ұстаздық мамандық.

Мұғалім мамандығы адамнан қойылған мақсатқа жетуде рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салуды, бай қиялды, ерекше талантты қажет ететін мамандық.

Сондай-ақ, ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс.

Интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу — әр мұғалімнің міндеті.

Қазіргі заманғы мұғалімдер – ақпарат жеткізуші, бақылаушы, тексеруші, «ұстаздан» — ізденуші, зерттеуші, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл тұлғаға айналуы қажет. Сондай-ақ, білім беру жүйесіндегі нормативтік -құқықтық құжаттарды меңгере отырып, білім алушыларға жаңа білім нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік алатындай, озық халықаралық тәжірибе негізінде заманауи әдістемелерді енгізе отырып оқытуды көздейтін педагог болуы қажет. Әрбір педагог жаңа кәсіби құзыреттіліктерді меңгергенде ғана бұл мүмкін болады.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі де жойылады» деген К. Ушинскийдің сөздерін әрбір мұғалім өзіне бағдар ретінде ұстану қажет.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі анықталған.

Атап айтқанда Заңда педагог қызметкер өзінің кәсіптік құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді және оқыту дағдыларын меңгеруге, өзінің кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін ұдайы жетілдіріп отыруға және бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге міндетті делінген.

Бүгінгі таңда біліктілікті арттыру жүйесінің мазмұнын жаңғырту арқылы педагогтардың кәсіби құзіреттілігін тиімді дамыту және оның мәртебесін арттыру мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Педагогикалық шеберлік орталығы,«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы мен оның 16 өңірдегі филиалдары — педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттары жұмыс жасауда.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес 2011 жылдан бері педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі қайтадан құрылды. Біліктілікті арттыру деңгейлік курстарының арнайы бағдарламалары әзірленді, тренерлер оқытылды, курс нәтижесі бойынша педагогтарды бағалау жүйесі құрылды.

Бүгінгі таңда деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру курстарынан еліміздің 50 мыңға жуық мұғалімі өтті. Білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуге дайындалған мұғалімдердің жеткілікті санын құрау мүмкіндік береді. Педагогикалық жоғарғы оқу орындарымен жұмыс ұйымдастырылған. Біліктілікті арттыру деңгейлік курстарының бағдарламасы бойынша элективті курстар 39 педагогикалық жоғарғы оқу орнына енгізілді. Профессорлық оқытушылар құрамы арасынан 298 тренер дайындалып, олар  бағдарлама бойынша бітіру курстарының 8 мыңнан астам студенттерін оқытты.

Сонымен қатар білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ететін педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесінде әлемдік және қазақстандық тәжірибені тарату көзделген.

Қазіргі кезде әрбір қазақстандық мұғалім өз біліктілігін үнемі арттырып отыруға міндетті, өйткені ол заман талабы болып отыр.

 2 — сұрақ: Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауын жүзеге асыру үшін атқарылған жұмыстарыңыз қандай?

Елбасымыз «Қазақстан — 2050» Стратегиясы Жолдауында жарқын болашаққа айқара жол ашты. Білім — барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады.

Осыны ескере отырып, Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру жоспарын құрып, көптеген мақсаттарда көздеп отыр.  Олар: инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.

Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары.

Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу мәселесі.  «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған бері, яғни 2010 жылдан бастап 5 038  балабақша мен шағын орталық іске қосылды.

Мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Стандартта балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларды жан-жақты дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» білім беру салалары қарастырылған.

Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту міндеттерінің тұтастығын қамтамасыз ететін Жалпы білім беретін үлгілік бағдарлама мен балалардың жалпы, интелектуалды, физикалық дамуы, олардың білімді меңгеруге дайындығын қамтамасыз ету, баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру, оқу дағдыларын меңгерту мақсатында мектепалды даярлықтың жалпы білім беретін бағдарламасы әзірленді.

Бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері халықаралық стандарттар деңгейінде табысты жұмыс жасауда. Олардың жинаған тәжірибесі қазақстандық білім беру жүйесіне таратылуда.

2011-2015 жылдар аралығында «НЗМ» ДББҰ-ның мұғалімдері жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары үшін 2 000 онлайн-сабақ, мұғалімдері үшін 188 онлайн-семинар және 400 мастер-класс өткізді.

Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандарттарының жобасы әзірленіп, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 327 қаулысымен бастауыш білім берудің мемлекеттік стандарты бекітілді.

Сонымен қатар барлық пәндер бойынша бастауыш мектепке арналған  86 оқу бағдарламасы, 205 оқу жоспары, жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған критериалды бағалау ережесі, 1-сынып оқушыларының білімін бағалау жүйесі бойынша 20 әдістемелік ұсынымдама мен нұсқаулық әзірленді.

Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш білім берудің мемлекеттік стандартын іске асыру мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі 30 пилоттық мектепке трансляцияланады (17 қала, 13 ауыл, 4 ШЖМ, тұтас алғанда, әр облыста екі мектеп және Астана мен Алматы қалаларында бір мектептен. Сынаққа 30 пилоттық жоба мектептен 1-сыныптың 3250 оқушысы, 138 бастауыш сынып мұғалімдері тартылады).

Мамандандырылған білім беру ұйымдары және қазақ-түрік лицейлерімен қатар «НЗМ» ДББҰ өңірлерде білім беру мазмұнын жаңарту бойынша ресурстық орталық, республика мектептеріндегі педагогтардың тәжірибе алмасуы және кәсіби шеберлігін өсіру бойынша әдістемелік орталық болып табылуда.

«НЗМ» ДББҰ тәжірибесін тарату жөніндегі іс-шаралар жоспары төмендегідей бағыттар:

— жаңартылған білім беру мазмұнын (негізгі және жоғары сынып мемлекеттік стандарттары мен оқу бағдарламаларын) әзірлеу және сынақтан өткізу;

— жаңартылған білім беру мазмұны бойынша қысқа мерзімді курстардан мұғалімдердің біліктілігін арттыру;

— жаңартылған білім беру мазмұнына көшу мерзімінің өзгеруіне байланысты педагогикалық жоғары оқу орындарындағы профессорлық педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру бойынша келісу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлтық идеясы негізінде әзірленіп, бекітілген Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде (ҚР БҒМ 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 227 бұйрығы) тәрбие жұмысының басым бағыттары, оның ішінде зияткерлік тәрбие мен ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу белгіленген.

Тәрбиенің аталған бағыттары мотивациялық кеңістікті орнатуды мақсат тұтып, әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерінің, көшбасшылық қасиеттері мен дарындылығының, ақпараттық мәдениеттің дамуын қамтамасыз етеді.

Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауда. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қана қоймай, олар қолданбалы, ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құрып дамытуды көздеуде.

3-сұрақ: Білім беру мекемелерінде ата-аналармен жұмыстың деңгейі және атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз?

Қазіргі кезде білім беру мекемелерінде ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Жаңа педагогикалық ойлауға орай ата-анамен жұмыс жүйесін дұрыс құру және оны жаңаша ұйымдастыру бүгінгі күннің талабы.

Білім беру ұйымдарында ата-аналар оқу-тәрбие үрдісіне мейлінше тартылған, атап айтсақ, ата-ана жиналысы, біріккен шығармашылық істер, отбасылық байқаулар, дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатыстыру, сынып кеңесі, сыныптағы ата-аналар комитеті, қиын балалар мен жағдайы төмен отбасына шефтік көмек көрсету.

Өйткені, бала тәрбиесін мектеп жағдайында ғана емес, сонымен қатар, ата-аналармен байланыста болғанда ғана жүйелі тәрбие мен сапалы білім қалыптаспақ.

Мұғалімдер үнемі ата-аналармен байланысқа шығып, баланың мектептегі күйін хабардар етіп, кейбір жағдайларда үйдегі ахуалды мүмкіндігінше бала психологиясына жағымды әсерге негіздеуге жұмыс жасайды.

Демек, мектеп, социум және отбасының ынтымақтастығы – баланың тұлға ретінде табысты әлеуметтенуінің кепілі болып табылады.

«Білім туралы» ҚР Заңында (49-бап) ата-аналарға және заңды өкілдерге білім беру ұйымын басқаруға, оның ішінде ата-аналар комитеті арқылы басқаруға қатысуға тең мүмкіндік берілген.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – БДМБ) ата-аналар мен ата-аналар комитеттерінің білім беруді басқару құқығын кеңейту шараларын қабылдау қарастырылған. Мысалы, БДМБ-ның негізгі мақсаттарының бірі ретінде білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру айқындалған. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының деректері бойынша, республикада 7563 жалпымектептік және 143593 сыныптық ата-аналар комитеті жұмыс істейді. Олардың қызметімен 150 мыңнан астам ата-ана қамтылған. Сонымен қатар, 4304 ата-аналар қоғамдық кеңесі және 3259 (44,1%) қамқоршылық кеңес   (2014ж. — 2666 (35,7%) жұмыс істейді.

БДМБ-ның мақсатты индикаторларына сәйкес білім беру ұйымдарында 2015 жылы мектептердің 45%-ында қамқоршылық кеңестер жұмыс істейтін болады, ал 2020 жылға қарай – 60%.

Мектептегі ата-аналар комитеттерінің қызметіне жүргізілген талдау олардың жұмыстары мектептерге бала тәрбиелеуде көмек көрсетуге бағытталғанын, Жарғылармен регламенттелгенін көрсетіп отыр.

Олардың рөлін арттыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Қостанай облысына барған жұмыс сапарының қорытындысы жөніндегі хаттамалық шешімді (2014 жылғы 8 шілдед
егі №11-5/07)
орындау үшін 2015 жылғы 22 сәуірде Ақтөбе қаласында «Өскелең ұрпақтың азаматтылығын және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата-аналар рөлінің маңызы» атты ата-аналардың республикалық съезі болып өтті.

Ата-аналар мен ата-аналар комитетінің жауапкершілігін арттыру және оларды шешім қабылдау процесіне қатыстыру мақсатында 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білімді жан басына қаржыландыру сынықтан өткізілуде. Оған республиканың 5 облысындағы (Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары) 63 мектеп қатысуда.

Осы мақсатта Министрлік 5 нормативтік құқықтық акт қабылдады.

Барлық пилоттық мектептерде Қамқоршылық кеңестері жұмыс істейді.

Оларда республикалық бюджет есебінен ынталандыру және мектептің қажеттілігін жабу үшін қорлар құрылған. Оларды құру мектептердегі дербестікті дамытуға және ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын көтеру үшін педагогтердің қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.

Білім беру процесін басқарудағы ата-аналардың рөлін одан әрі күшейту мақсатында 2015-2016 оқу жылынан бастап жергілікті атқарушы органдар мен білім беру саласындағы уәкілетті органның қатысуымен ата-аналар жұртшылығының алдында қоғамдық тыңдаулар (ашық бандамалар) өткізу жоспарлануда. Қоғамдық тыңдаулар 2015 жылғы 4 қараша, 2016 жылғы 6 қаңтар, 25 наурыз және 20 маусым күндері онлайн режимінде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен өткізілетін болады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Министрлік Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңесінің, ата-аналар комитетінің, құқықбұзушылықтың алдын алу кеңесінің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларының жобаларын әзірледі.

4-сұрақ: Республикалық 45 minut.kz оқырмандарына тілек.

Республикалық 45 minut.kz оқырмандарына тілерім – тәуелсіз еліміздің берік ірге тасын қалайтын бәсекеге қабілетті, білім-білікпен қаруланған, шығармашыл тұлға болыңыздар!

Мәртебелеріңіз үстем, бұл басылымнан алатын құнды материалдарыңыз көп,  асатын асуларыңыз бен белестеріңіз мол болсын! Оқырмандарыңыз жылдан-жылға көбейе түссін!

 

 

 

Advertisements

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s