М.ШАХАНОВ ЛИРИКАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТАҚЫРЫБЫ:

«М.ШАХАНОВ ЛИРИКАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ»

ОРЫНДАҒАН: Алматы қаласы , Әуезов ауданы КММ «№117 жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Мусаева Камила

Ғылыми жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сапарова Динара Джульбарсовна

Кіріспе

Өлең — қасиетті де киелі сөз.Осы бір ауыз сөздің астарында қаншама – мағына жатыр десеңізші. Толғақты ой, терең тебіреніспен дүрия дүниенің төрт құбылысынан сыр тартып, тұтас бір дәуір бейнесін ашып қана қоймай таңғажайып келешектің тамашасын болжай алса, онан асқан керемет қане. Ал осының алтын кілті іспетті ақындықтың жүгі де ауыр. Оны белі қабыспай биікке тік көтеру тарықпас талабы бар тума талантқа ғана тән. Сол ғана халық аңсаған арманның, халық ойы мен халық қиялының барометрі бола алады. Сол ғана өз қоғамның өз дәстүрінің айнасы болуға лайық. Жер жүзіндегі сан алуан құбылыстарды сұлу сөзбен өрнектейтін, жырында сәби күлкісіндей сыңғыр бұлақтың назы бар, жүзінде ана мейіріміндей арайлы таңның ажары айшықтана көрінген поэзияның құдіреттілігі де, міне осы. Егер данышпан сыншы Белинскийдің сөзімен айтсақ … Бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір –поэзия дүниесі, осы құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия — әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен оты.

Лирика жанрының сыр-сипаты, табиғаты жайында ойласақ, бұл жанрдың жанары сөніп көрген емес. Ол атам заманнан бері ынтықтығымен ынтықтырып келеді. Тым ары кетпей Аристотель заманынан бергіні қарап өтсек те, лирика әдебиеттің үш саласының бірі саналатынын білеміз. Содан бері лирика туралы айтылып келеді, бірақ әлі де айтуға болады.

Адамзат өзінің даму тарихында қандай сатылардан, қандай қоғамдық тарихи дәуірлерді бастан кешсе, солардың ынғайымен лирика да өзгеріп, үрленіп, жаңарып отырған.

Қалыптасқан ұғым бойынша, лирикада автордың дүниеге көзқарасы, қатысы, оның сезімін, ойын, көңіл-күйін, ынта-ықыласын суреттеу, бейнелеу арқылы көрсетеді. Бірақ кез келген түйсік пен әсер лирикалық шығарма тудыра алмайды.

Қай жанр болмасын-адамның мінез-құлқын, күйініш-сүйінішін суреттеп қана қоймайды, сол арқылы сол кездің шындығын суреттейтінін көреміз. Лирика-ақынның бір сәтте жалт еткен нұрлы ойы, жарқ етіп тұтас көрінген ішкі сырлы дүниесі. Мұхтар творчествосын бір жанр тұрғысында сыйғызып талдау, қаламгердің өзіндік қолтаңбасын айқындай алмайды. Оның ойлы лирикалық туындылары, шағын балладалары мен поэмалары кімді де болсын елеңдетпей қойған емес.

Дегенмен, жоба корғау жұмысымызда ақынның лирикалық өлендерін талқылап, талдау негізінде Мухтар ақындығының кейбір мәселелерін пайымдап, аздап болсын жүйелі ой айтуға талпындық.

Алдымен ақын жайлы жазылған ғылыми зерттеулер мен мақалаларға назар аударайық.

Мұхтар Шаханов жайлы пікірлер алғаш рет республикалық газет-журналдарда жарық көрді.″Жұлдыз″журналының 1974 жылғы №9 санында Д.Стамбековтың ″Жыр иірімі″ атты мақаласы шықты. Сыншы ақынның лирика жанрындағы жетістіктерімен бірге алғашқы өлеңдерінде кездескен кейбір кемшіліктеріне тоқталған. Мысалы: ″Жанды мұнға жібітіп″ ,″Вокзал мен вокзал арасында жүріп, алыстан адам күтуі″ және т.б. сөз тіркестері.

Е.Шаймерденов 1978 жылғы ″Ленин туы″ газетіндегі ″Адамгершілік тақырыбындағы өлендер″мақаласында М.Шахановтың осы мазмұндас өлеңдеріне шолу жасады. Ақынның тақырып таңдау қасиеті баса көрсетілді. 1983 жылы ″Қазақ әдебиеті газетінде К.Ахметованың мезгіл қоңыраулары″атты ауқымды мақаласы жарық көрді. Ақын Мұхтарға жасанды қысым мен шарттылықтан, ерекшеліктен, жайдақтықтан, ауызекі әңгімеге лайық қара байырлықтан сақтану керектігін ескертеді.

Енді көлемді зерттеулерге тоқталайық. 1984 жылы жалын баспасынан ″Сөзстанның″ бесінші кітабы оқырман қауымның қолына тиді. Жинаққа Ә.Нұршайықовтың ″Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған″…деген мақаласы енген. Автор М.Шаханов жайлы білгісі келетін көп оқырманның бірі – Айгүлге жауап ретінде оқушыларды ақынның өмірбаяны және творчестволық өсу жолымен таныстырады. Мақалада қызғылықты жазылған өмірбаяндық деректермен қоса, кей өлеңдерінің шығу тарихы да баяндалған.

С. Сейітовтың “Өлең өлкесінде” деген кітабында да Мұхтар өлеңдеріне аз да болса мәнді шолулар жасалған. Сыншы-ғылым “осындай алуан-алуан жақсы ақындар көбейсін” деп ой қорытады.

“Жалын” баспасынан 1984 жылы жарық көрген ғалым-сыншы Б.Кәрібаеваның “Талап деңгейі” атты әдеби сын мақалалар жинағында М.Шахановтың лирикалық өлендеріне бірқыдыру талдау жасалып, ақын шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселелері сөз болды.

Ақын жайлы пікір таусылмайды. Қорыта айтсақ, зерттеушілеріміз ақын талантына қуана қол соғып, болашағынан үлкен үміт күтеді.

Лирика жанрын өркендетуде М.Шаханов тыңғылықты еңбек сіңіріп жүр. Халық өмірінің терең шындығын айқын да әдемі бейнелеген талай-талай туындылары қалың жұртшылықтың рухани серігі болуымен қатар, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорын үздіксіз молайтып отырады.

Лирика жанрын өркендетуде М.Шаханов тыңғылықты еңбек сіңіріп жүр. Халық өмірінің терең шындығын айқын да әдемі бейнелеген талай-талай туындылары қалың жұртшылықтың рухани серігі болуымен қатар, ұлттық әдебиетіміздің атын қорын үздіксіз молайтып отырады.

М.Шаханов лирика жанрының барлық түріне қалам тартып жүрген ақын. Гетенің: “Өзіне дейінгі айтылғанды айтылмағандай етіп қайталау” дегені сияқты, Мұхтардың да таңдағаны бұрыннан мәлім – махаббат, табиғат, адамгершілік, азаматтық мораль тақырыптары бола тұра, ақын аталған тақырыптарға жаңа мазмұн, тың өрнек енгізген.

Ақын өлеңдерін оқып отырғанда ол көптеген тақырыпты аттап өтіп, өмірдің бүгінгі күнін келесі күнмен жалғау мүмкін еместей көрінеді. Сөз барысында сыншы С.Әшімбаевтың: “М.Шаханов поэзиясында адамгершілік, мораль мәселесі орынды қойылып жүр” – деген пікірін айта кеткен жөн болар. Осы тақырыптағы “Шапағат”, “Тоқшылық” атты туындылары совет адамына лайықты адамгершілікті меңзейді. Махаббат лирикалары абстракт ұғымнан емес, оқиғадан өрбиді. “Ғашықтық ғаламаты” өлеңі осы пікірдің дәлелі.

Ақын өлеңдерінің бір қасиеті – көңіл күй, табиғат деп аталатын лирика түрлерінің жанды образбен жымдасып кетуі.

Жоба жұмысымызда мақсатқа жету үшін оны мынадай екі бөлімнен құрып, қарастырмақпыз.

І бөлім: М.Шаханов лирикасындағы дәстүр мен жаңашылдық.

ІІ бөлім: Ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішіні жайлы ойлар.

М.Шаханов лирикасындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі

Халық поэзиясының дәстүрі — өміршең құбылыс. Халықтың ғасырлар бойы жасап, сақтап келген ақындық дәстүрлері жаңа заманда бірден жоғалып, не өзгеріп кетпек емес. Өйткені поэзия, оның қалыптасқан дәстүрі – сол халықтың қаны мен тәні тәрізді. Әрбір халықтың поэзиясы мен поэзиялық дәстүрі арқылы оның қандай халық екенін тануға, білуге болады. Ендеше поэзия өзінің алдындағы дәстүрден қол үзбеуі қажет. Жаңашылдықтың өзі содан басталады. Горькийдің «Халық ауыз әдебиетінен үйрену керек» — деген пікірі осыған орай айтылған. Олай болса, бүгінгі поэзия кешегінің жалғасы «Халық ауыз әдебиетінің» жетілген, шыңдалған, әлі шыңдала беретін түрі. Шынында да, XV – XVIII ғасырларда ғұмыр кешкен Бұқар, Шал ақындардың қазақ өлеңіне салып кеткен кестелері Абай тұсында жаңа сапа береді емес пе. Одан берідегі қазақ поэзиясы Абай өлеңдеріндегі дәстүрді шолумен тынбай, оны искусство дәрежесіне көтеретін жағдайға жетсе, С.Сейфуллиннен О.Сүлейменовке дейінгі күллі қазақ поэзиясы Совет дәуіріндегі поэзиялық жаңа өмір, жаңа тұрмыс заңдарымен өзгеріп, жаңаланғанын дәлелдеді.

Бүгінде ақындарымыз қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдыққа өз үндерін қосып, қазіргі өмірдің әдеби бейнесін тұтас көрсетуге талап жасап отыр.

Бүгінгі ақындар арасынан тақырыбымызға арқау болып отырған Мұхтар Шаханов өлеңдері көпшілікке ойлылығымен, оқырман ойымен тоғысуының сәттілігімен көзге түсіп жүр. Ақын өлең жазу кезінде доктор Ә.Тәжібаевтың: “Біздің өмірді өзіміз танығанымыз аз, оны өзгеге танытуымыз керек. Ол үшін өмірдің негізгі тенденциясын ақын тілімен қанатты жырға айналдыруымыз керек” – деген пікірін еске алып отыратындай әсер қалдырады. Себебі М.Шахановтың қай өлеңін алсақ та “Ғашықтық ғаламаты”, “Сенім патшалығы”, “Ай туып келеді” тәрбиелік мәні зор. Оқушы ақын өлеңдерін тек қызықтап оқып шықпайды, одан өмірдің қыры мен сырын түйсінеді, өлеңдегі кей кейіпкердің қылығына қызығып ұқсағысы келсе, кейбіреуінен жиіркенеді.

“Перзент жыры” өлеңінде туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік көзқарасында перзент атынан ой тастайды. Туған жердің кімге болса да ыстық екені белгілі. Алайда, ол, кімді, нені болса да жатырқамайды өзіндегі бар болмысын сенің өмір сүруіңе жағдай жасаған. Осынысымен де ол ыстық, осынысымен де ол түсінген, түйсінген адамның шабытын қайрап жатады. Ол ұшы-қиырсыз кең де, қатал талап қоятыны, ағат кетсең аямай жазалайтыны да бар. Ол ұлы ма, кіші ме, кәрі ме, жас па – оған бәрі бір, жікке бөлмейді, алаламайды. Сол үшін де ол ыстық, содай әділдігі үшін де қалтқысыз ынтығасың, саясында болғың келеді.

“Самолеттағы ой” атты өлеңі де сәтті жазылған туынды. Ақын туған жерге әрі биіктен, әрі қашықтан қарай отырып, туған жердегі болып жататын заттар мен құбылыстардың елеусіз байқалмай, танылмай қалыс қалатын ерекшеліктерін жеңіл, ұтымды түрде жеткізген.

Алыстан бір қарағанда көзің тоятын, жақын келіп сөйлесе қалсаң, пікір алалығы көрініп тұратын кейбір арамыздағы азаматтарды тану үшін жазылған өлең екені белгілі.

“Бір тегіс боп көрінеді жыралар,

Тереңінде жыланы бар ұралар.

Байқалмайды әжім-әжім қыраттар,

Қырат көзін жарып шыққан бұлақтар”

Осы шумақтағы жыланы бар ұра да, әжімді қыраттар да, мөлдіреп жатқан бұлақтар да өз орнында қолданылып тұрған сияқты болып көрінгенімен, ақынның меңзеп отырғаны адамдар арасындағы көрініс екені даусыз. Жалпы ақынның ақындық қуатын танытуы оның ақын екенін айтып кеуде қағуынан емес, жазған өлеңінің тілге жеңілділігі, ойын дөп жеткізуі, философиялық қорытуы, тіліңнің ұшында тұрғанды әрі қарай жалғастыруы жүзеге асқанда ғана оның ақындығын еріксіз мойындайсың, оны құрмет тұтасың. Мұхтар өлеңінде осындай ерекшеліктер көптеп табылады. Көркем мәнді, құнды сөз құнарлы ойдан ғана туады. Сол себепті ақынның тіл ерекшелігіне, өлең құрылысына, шеберлігіне көбірек тоқталайық. Ақын ойын жеткізуде алуан түрлі амал-тәсілдерді қолданады. «Қараспан қыпшақтары» туындысында мынадай жолдар бар:

Жер астынан көз жіберіп сонау алыс күндерге,

Менің ата-бабаларым ұйықтап жатыр бұл жерде,

немесе,

Ал, Арыстың ойлы өзені ойға шомып не түрлі,

Сол жылдарға қарғыс айтып күрсінетін секілді

тағы бір жерінде,

Ата-бабаң құм астынан құлақ етіп қияқты,

Сенің әрбір қимылыңды тыңдап жатқан сияқты,-

Деп ата-бабаң «Жер астынан көз жіберуі», «Ойлы өзеннің ойға шомуы», «Жылдарға қарғыс айтып күрсінуі», «Құм астынан құлақ еткен» ата-баба бейнесі көз алдымызға жанды сурет әкеледі. Ақынның қиял көзі, фантазия күші, суреткерлік қабілеті ашып тұр.

Сөз өнерінің басы- халық творчествосы, фольклор болса, Мұхтар да ұлттық сөз өнеріне көп үңілгендігін байқатады. Ақын халықтың ауыз екі сөйлеу тілінде қолданылатын тұрақты бейнелі сөз тіркестерін сәтімен пайдаланып отырады. Мысалы:

Көңілінің күні жоқтардан,

Табанының бүрі жоқтардан,

Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда,

Шалалықтан ел несібі шашылар – деген тәрізді жаңа тың тіркестен туған мақал сөздер де ұшырасып қалады.

Адамды арман өсіреді

Адамды арман асырайды

«Өсе берді төске шауып, төрге өрлей»,

Ерте, ерте, ертеде,

Отырарда

Сен ер жеткен өлкеде – деген тіркестер кез-келген ертегінің басында айтыла беретін халықтық үлгінің көрінісі екені аян.

Кейде Мұхтар өлеңдері фольклорлық сарынымен қанатты ойларға ұласып жатады.

Адамдар аласарады,

Намысы кірлегенде…

немесе

Енжарлық жетіп келеді,

Ерлігің қалғығанда…

«…Таяз су да ерке өзенмен жарысқан

Тым жарқырап көрінеді алыстан»

Сөз зергерінің кейде шығыстың поэзиясына еліктейтін сәттері де баршылық.

Аңызға құрылса да, шындыққа тұтастай жақын «Арман» атты балладасында сонау ықылым заманда өмір сүрген шығыстық ғұлама Әл-Фараби мен саудагер Дойылдың екі түрлі көзқарасын суреттеуде шынайы шығыстық өмірдің келбетін көз алдымызға әкеледі.

Мысалы, Медресе үйі, басына сәлде ораған ақ сақалды дана қария, ит өлген жердегі мекен Мысыр, Бағдат елдерінің екі шәкіртке көз тігуі т.б. жәйттерді суреттеуімен ақынның шығыстық өмірдің ерекшелігін жақсы білетіндігін байқауға болады. Алайда, Шаханов негізінен жаңашыл ақын. Оның бұл қасиетін, жаңашылдығын поэтикалық тілінен аңғарамыз.

Ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішіні жайлы ойлар

Ақынның Мұхтар поэзиясын түсініп қолдап, соншама, жылы пікір айтуы, көңіл аударуы – бәрімізге ортақ абырой. Евгений Евтушенконың қазақ халқының бір перзентіне көңіл бөліп, үлкен аренаға шығуына ықпал жасағанына біз ризамыз. Ұлы орыс халқы Е.Евтушенконың аудармалары арқылы М.Шаханов шығармаларымен танысуда “Самолеттегі ой”, “Өзендер”, “Достық туралы” т.б. ұлттық өнердің өркен жаюына интернационалистік достықтың игі әсер етуінің бір көрінісі.

Ия, Мұхтар өлеңдері мазмұны мен түрі жағынан үйлесім тапқан, ақынның өзіндік бетін абайлататын дүниелер. Ең басты қасиет – Шаханов поэзиясында гуманистік сарындардың күштілігінде, адам бойындағы жақсылықты дәріптеуге құштарлығында, шындықты шынайы қалпында көрсетуге күш салатындығында.

“Жігерлендіру” өлеңін оқиық:

Өмірдің барлық сәтсіздіктерін

Бақытсыздық деп кім айтты саған

Тұлпарды сүрінбейді – деп

Асауды мінілмейді – деп,

Ақ көйлек кірлемейді – деп,

Қара ешкі мүжіген ағаш

Қайтадан гүлденбейді – деп,

Кім айтты саған.

Жұрттың бәрі шындықты қалайды – деп,

Биікті ардақтайды – деп,

Асылды қорлатпайды деп…

Тап-таза шындық! Осы дәлелдерге кімнің қандай таласы бар. Ендеше, жұрттың шын жүректен қол соғатыны ақынның шындыққа еш бүкпесіз тура қарайтын батылдығынан болар. Ақынның таза лирикалық табиғатының күрделенуі себебінен оны тақырыптық жағынан топтау кезінде де осылайша топтап қарастыруға болар еді.

Мұхтар Шаханов поэзиясында белгілі тақырыптардың өзі қайталанғанымен ақынның ой айту дәстүрі бұрынғылардың ешқайсысына ұқсамайды. Ақын ой, толғаудың поэзиялық жаңа бейнелеу тәсілдерін әр кітабында-ақ көрсетіп келеді. Оның ескі аңыздық сарындарды арқау ете отырып, идеясын бүгінгі күннің мүддесіне иіп әкелгені оқушысын баурап алады. Мұндай көркемдік дәстүр поэзиямызда бұрын да бар болатын, ал Мұхтар өлеңдерінің ерекшелігі сол бар дәстүрді жаңа уақытқа лайықтап, жетілдіре, дамыта түскендігінде.

Қорытынды

М.Шахановтың лирикалық өлеңдерінің дәстүр мен жаңашылдығын және ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішінін қарастыра отырып мынандай шешімге келдік.

а) М.Шаханов — өзге түгілі өзін қайталамайтын ақын. “Әр өлең — өзге туыстарына тартпай тууға тиісті перзент” – деген ақын Қ.Мырзалиевтың жалпы өлеңге қойған орынды талабы Мұхтар өлеңдерінде өз мәнінде орындалып жүр. Ол ешкімге ұқсамай, бар қуатын сарқа саналы түрде өрге ұмтылуды мақсат етеді.

ә) Ақын шығармаларда адам санасын сәулелендіріп, жарық түсіретін терең түйіндеу, өткір тілмен әсерлі беріп отырады.

Ендеше, ақынды жыр құмар жұртымыздың өздері сұранып, ізденіп жүріп, оқитын себебі – Мұхтар өлеңдеріндегі өткірлік.

б) Ақын жырларынын өзгеге ұқсамайтын ұлы қасиеттің бірі – шындықты еш бүкпесіз, шынайы қалпында көрсетуге күш салатындығында.

Ол Махамбет пен Естайды еске алса да, Қасым мен Тайыр тағдырына қайрылса да, бүгінгі күннің бейнесін жасауға ұмтылса да шындықты табуға ұмтылады. Шындық жайлы жырға шөлдеген көңілдерге жол тартады.

в) М.Шаханов – махаббатты алғаш талантқа теңеген ақын – дейді сыншы Б.Кәрібаева. Ақын тек махабатты жырлап, қорғап, қолдап қана қоймай жастарға өмірдің мәні махаббат арқылы көрінетінін дәлелдейді.

г) Ақын өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік – оқушысымен бетпе-бет отырып сырласқандай әсер етуі, өзі сұрақ қойып, өзі жауап береді.

д) М.Шаханов монолог үлгісінде де өлең жазады, бұл оның дарашылдығын танытады. Әдебиет табыстары жақсы туындылармен өлшенеді десек, мұндай шығармалар қатарына осындай дарашылдығынан Мұхтар өлеңдері де сөзсіз енеді.

Тарихи шындықты дәлдікпен көрсетіп, өмірдегі өзгерістерді толық көркемдікпен бейнелеу, оның маңызды-маңызды проблемаларын дөп басу, сол негізінде қоғам дамуының заңдылықтарын дәлелдеу партиялық көзқарасы толысқан суреткердің ғана қолынан келмек.

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s