БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ПӘНІ БОЙЫНША СЫНЫПТАН ТЫС ЖҰМЫСТА РДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ


БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ПӘНІ БОЙЫНША СЫНЫПТАН ТЫС ЖҰМЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

Қ.Қ.Курымбаев

«БАҰО «Өрлеу» АҚ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ

«Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы

В статье представлены рекомендации по эффективному использованию времени на внеурочных занятиях по ИЗО: планирование внеклассных мероприятий, методы и приемы работы.

In the given article recommendations for effective usage of after-hour time during fine arts classes are indicated: planning of out of class lessons, methods and work accept.

Түйінді сөз: бейнелеу өнері, сыныптан тыс іс-шаралар, эстетикалық тәрбие, экскурсия, плэнер.

«Баланы бір затпен таныстырмақшы болсаң, сол зат туралы сөйлеп қана қоймай, оны балаға алып келіп көрсет, көрсетіп қана қоймай, сол заттың суретін салғыз, әрі суретпен ғана қанағаттанба балшықтан мүсін жасауға үйрет».

Мағжан Жұмабаев.

Бейнелеу өнері қоршаған ортаны, табиғаттың әсемдігін, әдемілігін сезінуге үйретеді. Табиғаттағы жекелеген немесе болып жатқан құбылыстарды бақылап, олардың ерекшеліктерін көбірек және тереңірек ұғынуға жетелейді. Ал, бейнелеу өнері пәні сурет сала білу іскерліктерін, шығармашылық ойлау қабілеттерін шыңдауға жол ашады.

Бейнелеу өнері оқушылардың теориялық білімдерін, есте сақтау, қиялдау немесе тақырып бойынша сурет салуда ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Қабылдау, бейнелі ойлау, көркемдік шығарманы танып білу, түсіну, шығармашылық жұмыс жасау қабілеттерін арттыру, эстетикалық талғамдарын дамытуға жол ашады.

Бастауыш білім беру деңгейінде бейнелеу өнері пәнін оқытудағы негізгі мақсат – оқушылардың қоршаған әлемді бейнелі қабылдау, көркем-шығармашылық қабілеттері мен бейімділігін дамыту және сезімдік, эмоционалды-құндылық тәжірибелерін тереңдетіп, дамыту болып табылады.

Алайда, тәрбие беруде, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына, оқушының сабақтан тыс бос уақыттағы іс – әрекеті, әлеуметтік ортасы, жеке басының мәселелері тек ата – ананы ғана толғандырып қоймай, сонымен қоса мектептің оқу – тәрбие ісінде де басты назарда болады.

Осы орайда, сыныптан тыс мектепішілік жұмыстарды тиімді ұйымдастыруда сыныптан тыс жұмыстардың атқарар рөлі мен маңыздылығы басым. Сыныптан тыс жұмыстар жүргізу барысында әңгімелесу, диафильмдер арқылы дәріс беру, сурет және кескіндеме бойынша слайдтық материалдар қолдану, пленерлік жұмыстар ұйымдастыру, мектепішілік сурет көрмелерін өткізу, мерекелерге байланысты сынып бөлмелерін безендіру, саяхатқа шығу,

мұражайларға саяхат жасау, суретшілер шеберханасына, суретшілер көрме залдарына саяхаттар жасау, қосымша үйірме, факультатив сабақтарын өткізу сияқты шараларды қарастыруға болды.

Сыныптан тыс шараларды ұйымдастыруда басты мақсат бейнелеу өнері пәніне деген қызығушылығын, белсенділігін, шығармашылық жұмыс жасауға жігерлендіру, сурет салуға құлшыныстарын арттыру болып табылады.

Сыныптан тыс шараларды ұйымдастырушы және жетекшісі болып бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі тағайындалады. Мұғалім іс-шараға қатысушы оқушының алған бағытының дұрыстығын және дамуын басты назарда ұстайды. Атқарылған жұмыстар барысында оқушының алған біліктілігі мен іскерлік дағдысының шыңдалуын қадағалайды.

Пән мұғалімі сыныптан тыс шараларды ұйымдастыруда ата-ананың, сынып жетекшінің пікірін біліп және оқушылардың қандай бейнелеу өнері жанрларын, түрлерін, тақырыптарын білгілері келетіндігін ескеру қажет. Осы орайда, сынып жетекшімен қоян – қолтық жұмыс жасай отырып, сыныпішілік жиналыста немесе «Ата-анамен байланысу дәптеріне» ұйымдастырылмақ іс-шаралар аясында мәліметтермен алмасуына мүмкіндік туады. Сыныптан тыс шаралардың оқу жылының алғашқы айларында жоспарланып, бекітілуіне байланысты, жаңа оқу жылының басында өткізілетін жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысында ауызша немесе сауалнама түрінде пікір алмасуға болады. Жинақталған мәліметтер бойынша сараптама жасай отырып, сыныптан тыс өткізілетін іс-шараның тақырыптары таңдалынып, жылдық жоспары құрастырылады. Сыныптан тыс жұмыстарды жоспарлауда қатысушы оқушылардың еріктілігі, қызығушылығы және бейімділігін басты назарда болғаны жөн.

Сонымен, сыныптан тыс сабақтарды өткізу арқылы оқушылардың бейнелеу өнері пәніне деген қызығушылығы мен құштарлықтарын арттыруда төмендегідей іс – шараларды ұйымдастыруға болады.

Үйірме жұмысы.

Үйірме жұмысы мектепішілік ұйымдастырылатын сыныптан тыс шаралардың кең тараған түрі. Бейнелеу өнері пәні бойынша үйірме жұмысын ұйымдастырудағы мақсат, сыныпта оқыту бағдарламасынан тыс қалған, көрініс таппаған қосымша материалдармен танысады. Олар: сурет және кескіндеме, анималистік жанр, аллаприма әдісі, автопортрет, аппликация, графика, гризайль, сәулет өнері, дизайн, мүсін өнері, зергерлік бұйымдар, интерьер, линогравюра тағы басқа техника, жанр түрлері.

Бейнелеу өнері үйірмесін топтастыруда қатысуша оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім деңгейлерін ескеруді талап етеді. Үйірме құрамы 10-12 қатысушыдан топтастыруға болады. Жас ерекшеліктеріне байланысты 1-2 сынып оқушыларынан 1 топ, 3-4 сыныптан 1 топ, 5-6 сыныптан 1 топ жинақталады. Алайда, жоғарғы сыныптан үйірме жұмыстарына қатысуға қызығушылық білдіретін оқушыларда кездеседі. Бұл оқушылар сурет салуға икемдері бар, дарынды балалар болуы мүмкін. Дарынды балалармен жеке жұмыстар жүргізіп, кәсіптік бағдар бере отырып, мамандық таңдауына жәрдемдесуге болады.

Үйірме жұмысының нәтижесі мен жетістігі ретінде тоқсан сайын немесе жарты жылдық, жылдық мектепішілік және жылжымалы көрмелер өткізу жоспарланады. Көрмелер ұйымдастыру бейнелеу өнерінің мектептегі эстетикалық тәрбие беру аясын кеңейтеді. Көрмеге қойылатын жұмыстар өңделіп мүмкіндігінше «багетке» салынып жинақталады. Жылжымалы көрме ұйымдастыруда көршілес мектептермен келісе отырып, жүзеге асыруға болады.

Топсаяхат.

Сыныптан тыс шаралардың тағы да бір түрі –топсаяхат. Топпен саяхатқа шығу оқушылардың білімін тереңдетіп, ой – сана өрісін ұлғайтады. Сурет салу қызығушылығы мен өзіндік шығармалармен айналысуда белсенділігін арттырады. Жоғарыда айтылғандай оқу бағдарламасында қамтылмай қалған бөлімдерін толықтыру мақсатында топсаяхаттың рөлі басым. Мысалға, «Суретші шеберханасы» тақырыбында сабақ барысында теория жүзінде айтылып, топсаяхат мақсатында суретшілер, мүсіншілер шеберханаларына баруға болады. Сондай – ақ, «Зергерлік бұйымдар» тақырыбында зергерлік цехтарға баруға болады. «Тұрмыстық бұйымдар» тақырыбында жиһаздық фабрикаларға топсаяхат ұйымдастырылады.

Өкінішке орай, ауылды жерлерде топсаяхаттарға шығудың өрісі тар. Ауылды жерлерде суретшілер мен мүсіншілер, көрме залдары, фабрика- цехтар, ауыл мұражайлары жоқтың қасы. Бірақ, топсаяхаттың енді бір түрі табиғат аясына шығу – пленер. Пленерге шығу, этюд жазу (аз уақытта орындалған көркем шығарма) оқушылардың туған өлке табиғатының сұлулығын сезініп, сүйіспеншілік көзқарастарының дамуына, қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, «Туған өлкемнің табиғаты» тақырыбында сыныпта мұғалім көрсеткен көрнекіліктер бұл тақырып бойынша толық мәлімет бермеуі мүмкін. Осы орайда, ауыл іргесінде жақын орналасқан табиғаттың көрікті бір орынына саяхатқа шығып, табиғат туралы айтып қана қоймай, табиғаттағы болып жатқан құбылыстарды көрсете отырып, сурет салғызу оқушыға мол мәлімет берері анық.

Әңгіме.

Саяхаттан кейін сабақты қорытындылау мақсатында әңгіме, пікіралмасу жұмыстарын жүргізу керек. Әңгіме барысында әр топсаяхат мүшелерінің қабылдау қабілеттерінің, есте сақтау қабілеттерінің дамығанын аңғарасыз.

Үйірмеде әңгіме жүргізу оқушыларды қызықтырған сұрақтарына жауап алуына мүмкіндік береді. Әңгіме ұйымдастыруда әрдайым оқушылардың жас ерекшеліктерін, білімдері мен біліктерін ойдан шығармау керек. Әңгіме барысының қызықты өтуі — тақырыптың өзектілігі мен болжамдарына да байланыста болмақ. Үйірме жетекшісі өз тарапынан ойын айта отырып, қатысушыларға сұрақтар қою арқылы пікіралмасу жүзеге асады.

Мультимедиялық кабинетпен жұмыс.

Қазіргі заманда интернет желісінің көмегіне жүгіне отырып, электрондық оқулықтардың, бейнебаяндардың, қысқаметражды фильмдердің презентациялардың, видеоплакаттардың сан алуан тақырыптағы көрнекіліктерін алуға болады. Зерттеулерге жүгінсек, адам санасы оқу арқылы 10%-ды, есту арқылы 20%-ды, көру арқылы 30%-ды, өзгелермен талдау –

саралау арқылы 70%-ды, зерттеу, талдау, көру, сезіну, машықтану жұмыстары арқылы 90%-ды ойына тоқиды. Ал, бейнелеу өнерінде мультимедия кабинетімен жұмыс жасау, мол мүмкіншіліктер береді. Атап айтсак, мүсін өнері бойынша мүсіншілер шеберханасына бару мүмкіндігі болмаған жағдайда интербелсенді тақтаның көмегімен қысқаметражды фильм немесе презентацияларды тамашалауға, тағысын тағы болады.

Сондай – ақ, бейнелеу өнері үйірмесінде компьютермен жұмыс ретінде «Paint» графикалық бағдарламасын қолдануға болады. Компьютерлік бағдарламада жұмыс жасаудың бір артықшылығы, оқушы қателесуден, түстерді шатастырып бояп алудан, өшіргішпен өшіруде қағаз бетін жыртып алудан қорықпайды. Көбіне машықтану жұмыс жасауда оқушылар бойында осындай қиындықтар бойлап, толыққанды жұмыс жасауына, ашылуына кері әсерін тигізіп жатады.

Жоғарыда аталған сыныптан тыс жұмыстардың мақсатты түрде ұйымдастыра білу барысында, қатысушы оқушылардың бойында патриоттық тәрбие, эстетикалық тәрбие мен рухани дүниетанымы мол тұлға тәрбиеленері анық.

макала Үздіксіз білім жаршысы Курымбаев К.docx

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s