ЖАҢАҒА – ЕСКІ САБАҚ, ЖАҢАҒА ЕСКІ БАСПАЛДАҚ…


Абзалбек Лаура Сапарқызы

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы

Қарағанды қаласы

ЖАҢАҒА – ЕСКІ САБАҚ, ЖАҢАҒА ЕСКІ БАСПАЛДАҚ…

Бүгінгі таңда елімізде орын алып жатқан білім беру жүйесінің жаңаруы, оның толыққанды іске қосылуы осы саладағы мамандардың назарын аударып, толғандырып жүрген өзекті мәселенің бірі болып отыр. Реформаның басы-қасында болып жатқан күнделікті өзгерістердің ізін суытпай хабардар болып отыру, алдағы жұмыстың бағытын айқындауға көмектесетіні анық. Осы орайда Астана қаласының «НЗМ» ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығында» ұйымдастырылған түсіндіру семинарына «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалынан үш оқытушы қатысуға мүмкіндік алдық. Көптің көкейіндегі сансыз сауалдардың жауабы табылатын дәрістер легі басталып кетті. Бастауыш білім беру сатысында орын алған өзгешеліктер туралы сөз қозғаған дәріскер өзінің бір сөзінде бүгінгі жаңашылдықтың түп негізі солшыл саясаттың құрбаны болған арыстарымыздың еңбегінде жатқандығын айтып өтті. Сонда біздікі не? «Жаңашылдық» деп жалаулатқан сөзіміздің төркіні қаншалықты дұрыс деген ойға қалдым. «Біреуің» жаңашыл болғанның жөні осы деп ескі әдебиетті отқа өртеу керек деп жүрсіңдер.
Ескі әдебиетті, ескі мәдениетті отқа өртеп, киімшең туған қандай ұл? Жаңаға ecкi сабақ, жаңаға ескі баспалдақ емес пе?» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі санама сегіз оралды. Сөз жоқ, жақсыдан алу, жаңаны қабылдау, білгеннен білу, үйреткенді үйрену – ұлағатты іс. Бірақ бүгінгіні ұлықтап, кешегіні жоқа шығаруға болмайды. Жаңғырған жаңа нәрсенің барлығы уақыт ағынымен санадан тыс қалып, ұмытылған ескі дүние. Бүгінгі деңгейлік оқыту бағдарламасында айтылатын идеялар мен көзқарастарды үнемі батысқа телуіміз қаншалықты жөн? Айталық, топтық жұмыс, диалогтік оқыту, мұғалімнің көшбасшылық қасиеттері туралы Мерсер, Александер, Барнс, Пажарес, Харрис және тағысын тағы ғалымдардың пікірлерін тізбектеп жатамыз. Бірақ дәл сол теорияны одан бұрынырақ жатық та, қазақтың бай, әдеби тілімен түсінікті етіп жеткізе білген Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрімнің еңбектерін неге ауызға алмаймыз деген ой келді. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовтың педагогика ғылымына байланысты жазған «Тәрбиеге жетекші» еңбегінде (1924 ж.) «Жас өркенді оқытып-тәрбиелеуде, оның жеке тұлғасын, өзіндік «менін» қалыптастыруда мұғалімнің рөлі айрықша», «Адам мiнезiнiң, ақыл-қайратының әр түрлi болуы – тәрбиенiң түрлi-түрлi болуынан… Адам баласының ұрлық iстеуi, өтiрiк айтуы, кiсi тонауы, өлтiруi сияқты бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенiң жетiспегендiгiнен» деген пікірлер жиі ұшырасады. «Өнегелi үйелменнен де бұзақы мiнездi баланың шығуы немесе тәрбиесi нашар отбасынан да тәрбиелi, өнегелi баланың өсуi мүмкiн» дей келе, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға елiктеуден болатынын дәлелдейдi. Ал Д.Харристің «отбасы

тәрбиесінен қарағанда, оған қатысы жоқ құрбы-құрдастар тобы мен кездейсоқ ортаның ықпалы күштірек» (2004) деген ойы да жоғарыда айтылғанды қайталайды. Оқытудың әлеуметтік-жағдаяттық тәсілі туралы сөз қозғаған А.Бандураның (1977) зерттеулері Жүсіпбектің «әлеуметтік психологиясында» мынадай жолдар арқылы көрініс табады: «Әр адам жеке адам деп қаралмайды, ол, көбінесе, әлеуметтің, мемлекеттің мүшесі. Адам өз қызметін өзі жеке атқара алмайды, рудың, халықтың мүшесі болып атқарады». Автор бұл тұста адам — табиғат жемісі болғанымен, белгілі бір қоғам аясында өсіп, есейетіндігі, ұжымдық негізде тәрбиеленіп, ерекше қабілет пен кемелдікке қол жеткізетіндігін сөз етеді. 1929 ж. жарық көрген «Комплекстi оқыту жолдары» еңбегінде баланың бiлiмге деген ынта-ықыласын, зейiн-зердесiн арттыру үшiн мұғалiмдерден төмендегi шарттарды орындауды талап етеді. Олар: жаңа берiлетiн бiлiмдi баланың бұрын меңгерген бiлiмiне негiздеу, оқушылардың жаңа бiлiмдi меңгеруiне бағыттайтын проблемалық сұрақтар қоя отырып, олардың назарын меңгерiлетiн жаңа бiлiмге бағыттау, басы артық, қажетсiз мағлұматтарды айтудан сақтану, салыстыру, теңеу, ұқсату, сияқты тәсiлдердi қолдану арқылы балалардың бiлiмге деген қызығушылығын арттыру, олардың жеке қабілет-дарыны мен ерекшеліктерін ескеру. Бұл принциптер деңгейлік оқыту бағдарламасында айтылған оқыту ортасын құру мен оқытудың сегіз тезисі, қазіргі кезде әдістеме саласында қолданып жүрген жеңілден күрделіге қарай оқыту, оқушылардың олардың жас ерекшелігін ескеру қағидаларымен сай келеді. Әрі бүгінгі күнгі жаңартылған пәндік оқу бағдарламасындағы мазмұнның пәнаралық ортақ тақырыптарға негізделуінің түп тамыры дәл осы еңбекте жатқандығына көзім жетті.

Бұдан шығатын қорытынды — бүгінгі жасалып жатқан әрекет пен қадамды жоққа шығару емес. «Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық» ете берсек, ұлттық тәлім-тәрбие туралы жазған ұлт мақтанышының ой-пікірлері тәуелсіз еліміздің алаш рухында тәлім алып жатқан ұрпағына қызмет етуден қалыс қалып қоя ма деген ой. Жаңаның толқынында ескіні етекке ысырмай, елім деп еңіреген ұлтымыздың ұлыларын насихаттау, оларды дәріптеу – біздің азаматтық борышымыз.

Мақала в газет-АЛС.doc

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s