Сүйінші! Білім саласында қомақты олжа


Жуырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған “Ұлылық өнегесі” көмекші оқу құралы «Әл Наир» баспасы, Астана қаласынан 2016жылы жарық көрді. Ұсынылып отырған көмекші оқу құралы Абай Құнанбайұлының өмірбаяны мен шығармашылығын тереңдеп тануға қызыққан зерттеушілер мен әдебиетанушыларға, мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушыларына арналған. Осындай құнды деректі оқу құралының авторларын қуанышпен сіздерге таныстырғым келеді.

Осы жарыққа шыққан оқулық авторының бірімен мен өткен жылдың 28 желтоқсанында өзінің қызмет орнында танысқан болатынмын. Себепші болған қазақ еліне танымал жазушы Талғат Кеңесбаев замандасым болған еді. Әлеуметтік желі арқылы Талғат Кеңесбаевтың жазған жаңа кітаптарының бірін қоймай оқып, аракідік өз пікірімді білдіріп жүретін едім. Бір күні ол: “Түркістанға інім қызметке орнықты, сол бауырыммен жақын барып танысып өз ініңіздей көріп жүріңізші…”- деді. Сөзді жерге тастамай, ертесіне “Әзірет Сұлтан” Мемлекеттік тариxи-мәдени қорық-мұражайы орналасқан мекемеге бас сұқтым. Хатшының рұхсатымен төрдегі кабинетке ендім. Алдымнан Абай елінен, Тобықты руынан шыққан Семей өңірінен келген тау тұлғалы азамат Жандос мырза кісікиіктенбей жайдары жылы қабақпен орнынан тұрып сәлемдесе қарсы алды. Адамгершілік тұрғыда оқыған-тоқығаны сөйлеген сөзінен көрініп-ақ тұр. Мән-жайды айтып, әпкелі- інідей ынтымақтаса отырып сыйластықпен біраз әңгіме–дүкен құрдық. Ағасының қамқорлығына разы болған ол бетіне қан жүгіре қызарып ыңғайсыздана, содан кейін жымия күлді.

Әрине, ол Түркістан қаласындағы “Әзірет Сұлтан” Мемлекеттік тариxи-мәдени қорық-мұражайы республикалық МҚК-ның директоры Әубәкір Жандос Мағазбекұлы болатын. 2015жылдың 24 қарашасынан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен тағайындалған Әубәкір Жандос Мағазбекұлы бүгінде қыруар еңбек атқарып келе жатқан, ізгі істердің көшбасшысы, бастамашысы болып жүргені баршаңызға аян. Ол еңбекқорлығымен, өз ісінің майталман-шебері ретінде тәжірибелігімен тарихи Түркістан қаласының гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне “Әзірет Сұлтан” Мемлекеттік тариxи-мәдени қорық-мұражайының жандануына оң ықпалын тигізіп жүр. Оның белсенділігі мен асқан ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында игілікті, тиімді, өзекті, ауқымды, қажетті республикалық іс-шаралардың өткізіліп отырылуы осының айғағы болса керек-ті. Бұл атқарылған іс-шаралардың барысы қалалық баспасөз беттерінде және “Ұстаз” газетінде ұдайы жарияланып жүр. Мен енді осы аталған кейіпкерімді ұстаздық, зерттеушілік, жазушылық қырынан ашып көрсеткім келеді.

Әубәкір Жандос Мағазбекұлы1975 жылдың 3 қазанында Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1992 жылы Абай ауданындағы Көкбай атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген. 1992-1996 жылдары “Семей” мемлекеттік университетінде оқып, оны үздік дипломмен аяқтайды. Еңбек жолын 1996 жылдың 1 қыркүйегінен “Семей” мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болып бастайды. 1997-2000 жылдары осы университеттің аспирантурасын аяқтайды. 2000 жылдан бастап Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы, М.Әуезов атындағы Семей университетінің әлеуметтік-экономикалық жұмыстар жөніндегі проректоры, кейін ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2008-2009 жылдары М.Әуезов атындағы Семей университеті инновациялық және ЖОО-нан кейінгі оқыту орталығының директоры, “Шәкәрімтану” ғылыми зерттеу орталығының директоры, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры қызметтерін атқарады. Осы жылдары ол “Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын” атты монография, Көкбай Жанатайұлының шығармалар жинағы, “ХІХ ғасыр әдебиеті”, “Балалар әдебиеті” “Тарихи жырлар” атты оқу құралдарын дайындап баспадан шығарды. Қазіргі таңда 128 ғылыми мақаласы, бір монографиясы, үш оқу құралы жарияланған. Көкбай Жанатайұлының тұңғыш шығармалар жинағын шығарушы. 2009 жылы “Шәкәрім Құдайбердіұлы. Библиографиялық көрсеткіш” атты еңбегі жарық көрді. 2010 жылдың 1 ақпанынан Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры болған.

Осы мұражайда директор болып тұрған кезде-ақ Әубәкір Жандос Мағазбекұлы Абайдың ашылмаған қырларын терең зерттеп оқулық жазуды мақсұт санап өзінің әріптесі Семей қаласы Т.Аманов атындағы №16 орта мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кұнафина Гүлнара Ағзанқызымен бірлесе қолға алған болатын. Бұл тірнектеп жинақтаған тарихи деректі әңгімелер, зерттеулер, суреттерден құрастырылған көмекші оқу құралы 10-12 жылдың жемісі.

Шығыс Қазақстан облысының үздік мұғалімі, әдіскер мұғалім Кұнафина Гүлнара Ағзанқызы болса, бүгінде шәкірттерінің рухани жетілуіне, білім-білігі дамыған, қоғамдағы өзгерістерге бейім жеке тұлға тәрбиелеуде ізденіспен жұмыс жасап келеді.

Осы жоғарыда аталған оқу құралының авторлары “Әзірет Сұлтан” Мемлекеттік тариxи-мәдени қорық-мұражайы” республикалық МҚК-ның директоры Әубәкір Жандос Мағазбекұлы мен Семей қаласы Т.Аманов атындағы №16 орта мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, “Абай” медалінің иегері Кұнафина Гүлнара Ағзанқызының көп жылғы еңбектерінің жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтаймыз! Білім саласына олжа салған ізденіс жолындағы ұстаздарымызға жазар көбейсін дейік.

Осы жылдың 28 қазанында Семейде Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде сиясы кеппеген 5-9 сыныптарға арналған “Абайтану” оқулығының тұсауы да кесілмек. Ж.М.Әубәкір, Г.А.Құнафина, Ж.Н. Нұрлыбаеваның “Абайтану” кешенді оқу құралы ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты және оқу бағдарламасы бойынша құрастырылған. “Сабақты ине сәтімен” дегендей, осы тұсау кесерге сәттілік тілейміз! Қос қарлығаштай тізбектелген туындылар – “Ұлылық өнегесі” көмекші оқу құралы мен “Абайтану” оқулық хрестоматиясының жарыққа шығуы құтты болсын!

“Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге…” деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, биік парасат иесі Абай Құнанбайұлы жайлы тың деректі әңгімелер, зерттеулер, суреттер топтастырылған “Ұлылық өнегесі” көмекші оқу құралы мен “Абайтану” оқулық хрестоматиясын игілікке жаратайық, көпшілік қауым!

Несіпкүл Өтебаева,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

One comment

  • Ұрпақ болашағына жасап жатқан игі істеріңіз құтты болсын! Үлкен бастама. Қашан да жалғасын таба берсін!!!

    Нравится

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s