Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан


Ақтөбе облысы №15 орта мектептің 9 «А» класс оқушысы Жанділда Данагүл

Ұлан -ғайыр кең дала. Оның әр тасы тарихтан сыр шертеді. Атамекеннің аспанындағы әр шөкім бұлт, жаңбырдың тамшысы, күннің шуағы мен ақ ұлпа қар да, самал жер де, көшкен құм да, қатпарлы қалың қазақ тарихының куәгерлері. Егер оларға тіл бітсе, олар: біздің басымызға қонған бақ құсы – тәуелсіздіктің жолында ата-бабамыз ғұмырын арнап өткенін, қанша боздақтың жаны құрбан болғанын, тәуелсіздік жырында ақтабанның ақиқаты, ашаршылықтың азабы, соғыстың сұмдығы, қуғын-сүргіннің қасіреті бар екендігін айтар еді.
Біздің халқымыздың басына түскен қасірет аз болған жоқ. Әйтсе де, бізді бүгінгі күнге дейін жетелеген қандай күш ? Ол – арманның асқақтығы.
«Қуан, қазақ ! Тәуелсіздік күні құтты болсын !» – деп 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ елі жалпақ әлемге тәуелсіз мемлекет атанғанын жария етті. Бұл күн – сан ғасырдан бері бабаларымыздың аңсаған арманы орындалған, сол арман жолында төгілген қаны ақталған күн. Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді, талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқашан мойымады, күресе білді, азаттық таңы туатынына кәміл сенді. Себебі қазақ «мың өліп, мың тірілсе де, қазақ болып қала берді. Бізге сонау аталарымызда сенген. Мағжан Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін» десе, Абай атамыздың «Қалың елім, қазағым», Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің елімі» сияқты жүздеген, тіпті мыңдаған шығарма ұрпақтың санасына азаттықты ел болуды, бірлікке ұмтылуды, өжеттілікпен қырағылықты, батырлық пен қайраткерлікті насихаттап отырды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы қазақ халқының тарихындағы шын мәніндегі ең ұлы, елеулі оқиға болды. Соның арқасында қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупінен құтылды. Ұлттық тіл, мәдениет, дәстүр, мораль қайта жанданып, өзінің табиғи даму жолына қайта түсті. Ұлттық зиялы қауымның қалыптасуына және дамуына жағдай жасалды. Еріксіз шет елге ауып кеткен Қазақстан азаматтарының тарихы Отанына қайта оралуына жол ашылды. Қазақ ұлты қайта түледі. Әлем халықтарымен терезесі тең, іргелі ел болу құқығына ие болды.
Тәуелсіз Қазақстан демократиялық даму жолын қалаған, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет болып құрылды.
Республика тұрғындары азаматтық еркіндік пен әлеуметтік теңдікті сезіне бастады. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің құрылуына жол ашылды. Жазықсыз жазаланғандар ақталып, тарихтағы ақтаңдақтардың сырлары ашылған болатын. Сонымен қатар Қазақстан дүниежүзі мемлекеттерімен экономикалық байланыстарын арттырды.
Алайда тәуелсіздік бізге аспаннан түскен жоқ, тым әріден басталатын тарих қойнауына көз жүгіртсек, қазақ елінің тарихы – азаттық үшін күрестің шежіресі дерсін ! Қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізу жолында шығындарға ұшырады. Мысалы, күрес үстінде қаншама адамдар қаза тапты, кейбірі аштан қырылды, шетелдерге айдалып кетті, зиялы қауымын жоғалтты, тіпті тілі мен мәдениетінен айырылуға таяды. Сондықтан да қазақ халқы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алу үшін аянбай еңбек етті. Оның аумағында тұратын қазақтар өзге ұлт өкілдері де – орыстар, украиндер, немістер, өзбектер, ұйғырлардың өзі үлкен үлес қосты. Өздері азаматы болып табылатын мемлекетті, суын ішіп, жерін жайлап отырған, кезінде пана болған құшақ жайып қарсы алып, төріне шығарған қазақ халқын сыйлай білетін. Олардың басым көпшілігі біздің еліміздің тәуелсіздігін шын жүрегімен қалады. Тәуелсіздікті жақындату үшін барынша жәрдемдесті.
Тарихты зерделесек, кешегі кеңес өкіметі кенелткен әлеуметтік, мәдени жетістіктер зұлматты жылдарда азап тартқан, бостандық үшін белдескен халқымыздың қилы тағдырына өтеу бола алмайтындай. Ұлы державаның өктемдігі өз ызғарын төгіп бақты. Сөйтіп, талайдан шерменде болған ыза кек желтоқсанда жанартау болып бір-ақ атылды .
Желтоқсан – қыршын бозбала мен бойжеткендердің қиылған тағдыры мен ағылған қаны үшін тағзым ете отырып еске алатын қасиетті де қастерлі оқиға. Дүниені дүр сілкіндіріп, рухымызға жан бітіріп, Тәуелсіздік туын ең алғаш желбірете көтеріп, әз Абылайдың, Қаракерей Қабанбайдың, Бөгенбай мен Райымбектің, Кенесарының ұрпақтары «Бостандық» деп бас көтерді. Кеуделерін өктемдікке қарсы ашу-ыза кернеген қазақ жастарының мұздай қаруланған баскесерлерге қасқайып қарсы тұрғанын ойлағанда, кеудемізді мақтаныш сезімімен қатар өксігі әлі де болса басыла қоймаған өкініш сезімі жаулап алатыны да ақиқат. Әйтсе де олардың ерлігі еш кеткен жоқ, өктемдіктің мызғымастай боп қатқан мәңгілік мұзын тіліп түсті. Тәуелсіздік жолында халқымыздың қаншама бостандық сүйген ұлдарының өмірі қиылды. Бірақ олар келешек ұрпақ үшін өрлік жолында күресе білді, сөйтіп біздің ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздік ақиқатқа айналып, ертеңге деген сенімнің пайда болғанына да 25 жыл толып отыр.
Тәуелсіздік біз үшін өте қымбат. Ата-бабаның рухын көтергені үшін ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді қаз-қатар тұрғызып «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін «елім» деп еңіретіп, «жерім» деп желпінтіп, алпыс екі тамырымызды идіріп, ата-жұртты сүйдіргені үшін Тәуелсіздікті қадірлейміз.
Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткізіп, ұлы істер жасалды. Қазақстан, қазақ халқы еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевқа зор сенім артты, ел тізгінін қолына ұстатты. Сондықтан да еліміздің көп жетістіктерге жетуі президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің , көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр.
Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таңқалдырып, жаңа Астанамыз бой көтерді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің бар екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тең, барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды. Жыл сайынғы Президенттің халыққа арнайтын Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды.
Біздің халқымыздың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – ана тілімізбен ұлттық мәдениетіміз. Намысты адамды нысаналы мұратқа жеткізетін оның ана тілі мен ата дәстүрі. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді ұқтыратын , сыйлаттыратын да ана тіліміз. Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы туралы Елбасымыз: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі-бәріміздің анамыз, өйткені ол-ұлтымыздың анасы» деп ескерткен болатын. Біздің Президентіміз халықты табандылық, еңбексүйгіштік, мақсаттылық сияқты мәңгілік құндылықтармен қарулануға шақырады. Олар бізге қажырлылық әпереді, елімізді татымды болашаққа бастап апарады.
Сол баға жетпес байлықты, баһадүр бақытты баянды ету, Тәуелсіздік тамырын тереңдетіп қолдан шығармау – ұрпақ еншісінде.
Ұрпақ – болашақ арқауы. Ел болашаққа сенеді, ұрпақ елдің үмітін үкілейді. Мен де сол жас ұрпақтың бірі мүшесі ретінде Тәуелсіздігіміздің баянды болуына, мемлекетіміздің дамуына сәл де болса үлес қосқым келеді. Қазақстанның амандығын тілеуді де ұмытпаймын ! Менің барлық армандарым елімнің ертеңімен сабақтас. Біздің болашағымыз Тәуелсіздік тұғырының беріктігіне байланысты. Ендеше Тәуелсіздік тұғыры берік болсын !

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s