Жаңа сабақтар

Энциклопедияшыл ғалым әрі ұстаз


Энциклопедияшыл ғалым әрі ұстаз

Ғылым мен білімнің әртүрлі салаларында қызмет атқаратын азаматтардың сол салаларда алатын орны жоғары екендігі айдан анық. Деседе сол бір зиялы қауымның арасында тек өз мамандығын жетік меңгеріп қана қоймай, ғылым мен білімнің басқа да салалары бойынша сұхбаттасқанда көптен іздеп жауабын таба алмай жүрген дүниенің түп тамырына дейін майын шағып, әңгімелейтін тұлғалар да кездеседі. Осындай игі жақсымен әңгіме-дүкен құрғанда қуанасың, жан-дүниең үлкен бір шаттыққа бөленеді. Сондай азаматтардың бірі емес бірегейі — өзімізбен қызметтес, кафедрада қоян-қолтық араласып, жастарға білім беріп, тәрбиелеп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Сабыр Темірғалиұлы Нұртазин.

«Тектіден текті туады» демекші Сабыр Темірғалиұлы зиялы жанұяда туылған, тәрбиеленген, жас кезінен-ақ білім мен ғылымға ықыласы ауып, етене жақын болған азамат екендігін біреу білсе, біреу білмес. Өйткені өмірде қарапайым Сабыр Темірғалиұлы ешуақытта, ешкімге өзінің қазақ халқының өте қадірлі азаматы, Қазақстанға танымал филолог-ғалым, педагог Темірғали Нұртазиннің ұлы екендігін көпшілік қауымға жар салған емес. Ал Темірғали Нұртазин ағамыздың орта мектепке арналып жазған оқулықтарымен сан мыңдаған қазақ жастары біліммен сусынданғанын аға буын азаматтар жақсы біледі деп ойлаймын.

Ғалым-филолог әулетінде дүниеге келген Сабыр Темірғалиұлы жас кезінен бастап-ақ қоршаған табиғаттың тылсым құпияларына қызыға қарады, оның қыры мен сырын ашуға құштарлығы үлкен болды. Сол құштарлық оны, орта мектепті бітірген соң, сол кездегі республикамыздағы жалғыз университет (қазір жоғары мектептің флагманы)-Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне алып келді. Университетте тек республикамызда ғана емес, сонымен қатар Одақта өте танымал ғалымдардан біліммен сусындаған Сабыр Темірғалиұлы сол кезде дамып келе жатқан клетка биологиясы саласын меңгеруге, соның ішінде жануарлардың ұлпасы мен жасушасын зерттеуді алдына мақсат етіп қойды.

Университет қабырғасында ол білім алу, ғылыми жұмыстармен айналысуды спортпен ұштастыра білді. Сабыр Темірғалиұлының студент кезінде факультет, университет, қала деңгейінде түрлі спорт шараларына белсене қатысып, түрлі марапаттарға ие болғанын қазір біреу білер, біреу білмес. Салауатты өмір сүру салтымызды осындай азаматтар арқылы насихаттау біздің парызымыз деп ойлаймын. Бұл қазіргі жастар үшін өте пайдалы болатыны сөзсіз.

Сабыр Темірғалиұлымен қатарлас болғаныммен ол қала баласы да, мен ауыл баласымын және біздің зерттеу жұмыстарымыз да биология ғылымдарының әртүрлі саласы. Бірақ диссертациялық жұмысымның бір тарауы гистологиямен (ұлпатану) байланысты болғандықтан Сабыр Темірғалиұлымен оның Республикалық, Одақтық түрлі ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектері бойынша сырттай таныс болдым. Кейіннен, өткен ғасырдың соңында, аталған университтетке жұмысқа шақырылып, міне 20 жылдан аса уақыт білімпаз әрі ұлағатты ұстаздармен, араларында әрине Сабыр Темірғалиұлы да бар, әріптес болғаныма өзімді бақытты санаймын.

Сабыр Темірғалиұлымен етене араласып, оның ұйымдастырушылық (білім мен ғылыми жұмыстарды) қабілетіне, жан-жақты энциклопедиялық білімді азамат екендігіне көз жету зоология мен ихтиология және гистология мен цитология кафедралары бірігуі кезеңінен бастау алды. Жаңа кафедраны басқару тізгіні Сабыр Темірғалиұлының қолына тиді. Алғашқы кезде кейбір оқытушылар арасында түсінбеушілік болды (бұл заңды нәрсе). Бірақ уақыт өте ол кафедра жұмысын бір жүйеге қоюға, кафедра ішінде ауызбіршілікті қалыптастыруда (өте керек дүние), оқу процестерін жандандыруда көп еңбек етті. Еңбек зая кетпеді. Кафедра барлық талаптар бойынша факультет, университет деңгейлерінде алдыңғы орынға шықты.

Сабыр Темірғалиұлы кафедра басшысы болған жылдары оқу процестеріне инновациялық әдістерді енгізуді жүзеге асырумен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарының жандануын да алға қойды. Осы жылдары кафедраның көптеген оқытушыларын (үлкендерін де, жастарын да) және студенттерін, магистранттарын ғылыми жұмыстармен айналысуға жұмылдыра білді. Республикалық деңгейдегі ғылыми жұмыстардың орындалуына жетекшілік етті. Шетелдік (жақын және алыс), атап айтқанда, Германия, Англия, Франция, Жапония, Израиль, Ресей және т.б. елдердің ғалымдарымен бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асты. Бұл жобаларға жас оқытушылар, студенттер, магистранттар, докторанттар белсене қатысты. Ғалымдармен қатар сол елдердің студенттері де кафедрадан тәлімдік тәжірибелерден өтуге және біздің жас ғалымдарымыздың (студенттерді қоса) шетелдерде білімін толықтыруға тікелей Сабыр Темірғалиұлы мұрындық болды.

Осындай ұйымдастыру жұмыстарымен қатар, Сабыр Темірғалиұлы жоғары оқу орындарының бакалаврлары мен магистранттарына арнап көптеген оқу құралдары мен оқулықтар жазды, олардың жеке авторы не авторларының бірі ретінде республикамыздағы жоғары оқу оқу орындарына кеңінен танымал болды. Солардың ішінде, «Антропология», «Жеке даму биологиясы», «Орнитология», «Жануарлар алуантүрлілігі», «Гистология», «Клетка биологиясы» және т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Бұлармен қатар, ғылыми мақалалары да жеткілікті. Олар тек мемлекеттік тілде ғана емес, ұлтаралық және шетел тілдерінде жазылып, жарияланды.

Сабыр Темірғалиұлының ғылыми кадрлар дайындауда да орны бір төбе. Оның тікелей жетекшілігімен және ақыл-кеңесімен ғылыми жұмыстарын дайындаған, каферада қызмет жасаған және қазірде қызметтерін жалғастырып жүрген шәкірттері-ғылым докторлары, кандидаттары жеткілікті. Заман талабына сай Сабыр Темірғалиұлы PhD-ын дайындауда да үлкен жұмыс атқаруда. Оның жетекшілігімен соңғы жылдары 3 осындай докторлық диссертациялар ойдағыдай қорғалды және бірнешеуі қорғауға дайындық үстінде. Оның жетекшілігімен ғылым жолына түскен азаматтар Қазақстанда ғана емес, алыс және жақын шетелдерде де қызмет атқаруда. Бұл азаматтар әрдайым ұстазына өздерінің ризашылығын білдіреді, оған әріптестері куәміз. Осы жерде айта кететін бір жағдай, Сабыр Темірғалиұлының ғылыми жұмыстармен айналысуға қабілетті жастарды танып-білуі. Мұндай таңдауда ол өте сирек қателеседі. Қазірдің өзінде оның жетекшілігімен тек биологтар ғана емес, сонымен қатар балық шаруашылығы саласын бойынша білім алушылар да ғылыми жұмыстармен айналысуда. Олардың жетістіктері жаман емес. Бұл да Сабыр Темірғалиұлының ғылымға кадрлар дайындаудағы көрегенділігін көрсетеді. Факультеттегі ғылым қуған жастардың профессордың айналасынан жиі көрінетіні осының дәлелі болса керек.

Білім беру жұмыстарында инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануда, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруда қол жеткен табыстары жоғары бағаланды: ол 2 мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына және грантына ие болды, түрлі деңгейдегі ұйымдардың Алғыс хаттарымен, Мақтау қағаздарымен, мемлекеттік медальдармен марапатталды, «Құрмет» орденінің иегері.

Сабыр Темірғалиұлы клеткалық биологияның қыры мен сырының өте білгірі болуымен қатар, басқа да салалар, тіпті биологияға қатысы шамалы, бойынша білімпазы деп айтуға болады. Оның Әлемдегі жылқы тұқымдары, ит тұқымдары (тазы, төбет және басқалары), атбегілік, құсбегілік, этнография және т.б. бойынша жан-жақты білуі екеудің біреуінде де бола бермейтін қабілет. Асықпай, қоңыр дауыспен осылар жайында айтқанда, тіпті бұларға шамалы ғана қызығушылық танытатындардың өздері де зейін салып, шын ықыласпен тыңдайтынын білемін. Сабыр Темірғалиұлының сурет салу өнерімен де айналысатынын біреу білер, біреу білмес. Салған суреттері көрмелерде тұрмаса да, оларды оқу аудиторияларынан кездестіруге болады. Кәсіби суретші болмасада оның қыл қаламынан туындаған шығармалары өте жоғары сапалы десек қателеспейміз. Портрет жанрындағы мен білетін бір сурет — биология және биотехнология факультетінің ғимаратындағы №535 аудиторияда ілулі тұрған биология ғылымдарының докторы, профессор Валерий Петрович Митрофановтың портреті-соның дәлелі.

Осындай білімді де білімпаз ғалым, ұлағатты ұстаз, үлкенді-кішілі әріптестерінің арасында сый мен құрметке ие Сабыр Темірғалиұлының алатын асулары, шығатын белестері әлі де алда деп ойлаймын.

Үлкенге қызмет ету, кішіге қамқор болу, әріптестеріне қолдаушы, шәкірттеріне ақылшы әрі демеуші болу Сабыр Темірғалиұлына тән мінез.

Табиғатынан дарынды, білімді, болмысы ерекше Сабыр Темірғалиұлына Ұлы дала елінің болашақ бәсекеге қабілетті мамандары мен ғалымдарын дайындауда үлкен табыстарға жете беруіне тілектеспіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Биология және биотехнология факультеті Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының доценті Бірлік-Бай Есжанұлы Есжанов

Нуртазин Сабыр Темиргалиевич-70.docx

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s