Оқушылардың білім-білік дағдыларын бағалау жолд ары


Зеренді ауданы, Ортақ орта мектебінің

Математика пәні мұғалімі

Токтасина Нұржиян Сабиевна

Оқушылардың білім-білік дағдыларын бағалау жолдары

Бағалау үрдісін зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі көптеген ғалымдардың еңбектерінде, сондай-ақ біршама педагогикалық әдебиеттерде сөз етіледі, себебі кері байланыссыз кез келген үрдісті бақылаудың мүмкін еместігі әрі тиімсіз келетіні белгілі. Оқыту процесінің құрамдас бөлігінің бірі болып табылатын оқушылардың білім-білік дағдыларын бағалаудың мақсаты – оқушылардың әр деңгейдегі алған білім дәрежесін, олардың дайындалу барысындағы жетістіктері мен кемшіліктерін, сондай-ақ оқу жұмысын бақылау мен үлгерімін есептеу әрі мұғалімнің де жұмыс деңгейін анықтау болып табылады. Демек, педагог бағалау барысында, ең алдымен, оқушының білім сапасына мән беруі тиіс.
Ал ол болса, мына қасиеттермен сипатталады: «Білімнің толықтығы мен ғылымилығы – белгілі бір оқу пәнінің мектеп бағдарламасына сәйкес өзегі болатын негізгі мағлұматтар, түсініктер мен ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар; білімдерді меңгеру саналылығы оқушының ғылыми заңдар негізінде фактілерді, құбылыстарды, материалдық әлем заттарын түсіндіре алуы, білімдерді ұқсас жағдайларда қолдана алу және білімдер мен іс-әрекет әдіс-тәсілдерін жаңа жағдайларға көшіре алуы; білімдер жүйелілігі – жаңа түсініктер мен ұғымдардың оқушы санасындағы бұдан бұрын игерген білімдермен тығыз байланысты; беріктік – жинақталған білім саны мен іс-әрекет әдіс-тесілдерінің оқушы есінде сақталуы»[1; 282б.]. Осы кезекте бағалау деген ұғымға толық түсініктеме беріп, жан-жақты ашып, оның тарихы, қызметі мен сипатына тоқталуды жөн көрдім.

Бағалау – оқытудың құрамдас бөлігі және қорытындылау сатысы. Бағалау – бір нәрсенің деңгейін, сапасын, дәрежесін белгілеу. Оны оқушының оқу-таным әрекетінде қарастырсақ, оқыту процесінің міндеттерін оқушылардың қандай дәрежеде меңгеруі, дайындық деңгейі мен дамуын, білімдерінің сапасын, білік пен дағды көлемін анықтайтын құрал. Ал енді, бұл бағалау жүйесінің қайда әрі қайда пайда болғанына, яғни тарихына көз жүгіртейік.

Оқушылардың білімін, ынтасын санмен белгілеу, яғни бағалау дәстүрі сонау орта ғасырларда неміс схоластикалық мектептерінде қалыптасқан болатын, мақсаты – қоғамның (соның ішінде ата-ананың) балаға қалайша әсер ететінін көрсету. Өзге елдердегі мектептердің тәжірибесіне ешбір қиындықсыз, сондай-ақ түрлі формада енген бұл бағалау жүйесі тез арада оқушыға әсер етуші басты құрал ретінде әлеуметтік маңызға ие болды. Ресей болса, бұл сандық бағалау жүйесіне Батыс елдеріне қарағанда сәл кешірек көшті. Сол кездегі М.В.Ломоносов сыгды ғұлама ғалым оқушылардың білімін тексерудің, оларды ынталандырудың қажет екенін жақсы түсініп, бағалаудың тиімді түрін ұсынған болатын. Оның ойынша, әрбір оқушының білімін, ынтасын үнемі назарда ұстап, күнделікті тексеріп, нәтижесін әріптермен белгілеп жазып отыру керек. Мысалы, Б.О. – бәрін орындады (В.В. – все выполнил), С.Д.Е. – сабаққа дайын емес (Н.З.У. – не знал урока), С.Ж.О. – сабақты жөнді оқымады (З.У.Н.Т. – знал урок не твердо), Ж.Н. – жағдайы нашар (Х.З. – худа задача), А. – ауырды (Б.Б. – был болен).Уақыт өте келе (ХІХғ басы) көптеген гимназияларда әріптік бағалаудың орнына 0-5 аралығындағы сандар қолданыла бастады. «Нөл» оқушының сабаққа мүлдем дайын еместігін көрсететін, және де екі «нөл» алған оқушы қатаң жазалатын (1864ж дейін), «бір» мен «екі» бағалары оқушы жеткіліксіз дәрежеде дайындалып келсе, «үш» орташа дайындығы үшін (немесе ынтасы үшін) қойылатын, «төрт» болса жақсы дайындалған оқушыға, ал «бес» сабақты толық білетін оқушыға қойылатын еді. Бұл бес балдық жүйе 1846 жылы біржолата бекітіліп, сәл-пәл өзгешеліктермен бүгінгі күнге жетіп отыр. Әрине, бұл тек бес балдық жүйеге қатысты.

Көріп отырғандарыңыздай, бағалау жүйесі ұзақ уақыттан бері қолданылысқа еніп, оқыту үрдісінен айрықша орын тапқанына қарамастан, біршама мәселелер шешімін таппай келеді.

Келесі кезекте осындай мәселенің бірі, білім-білік дағдысын бағалау қызметіне тоқталамын. Бұған қатысты ғалымдардың ойы бір жерден шықпайды, өйткені кей ғалымдар бағалаудың атқаратын үш қызметін атаса, енді біреулері төрттеу екенін айтады, тіпті, бес деушілер де бар. Соның ішінде мен жалпыға мәлім, біршама педагогикалық әдебиеттерде, оқулықтар мен оқу құралдарында кездесетін дәстүрлі үш сипатын сөз етпекпін: білім беру, тәрбиелеу және дамыту.

ü Бағалаудың білім беру қызметі негізінде оқушылар жаңа білімдерді қабылдайды, бұрын алған білімдерін толықтырып, жетілдіріп, белгілі бір жүйеге келтіреді.

ü Тәрбиелік қызметі оқушыларды жүйелі түрде жұмыс істеуге үйретеді. Бағалаудың нәтижесінде олар күнделікті сабаққа үзбей дайындалады, жауапкершілік сезімдері артады.

ü Дамыту қызметінің маңызы сол – оқушылар өз бетінше оқу тапсырмаларын орындауда жаңа білімдерді қабылдайды, қорытынды жасайды, баяндамалар әзірлейді, хабарламалар жасайды[2;212б.].

Жоғарыда айтылып өткендей, баға – бұл тек білімді есепке алу ғана емес, ол сондай-ақ – тәрбиелік құрал. Сондықтан оқушы білімін бағалауда немқұрайлылыққа салынуға болмайды. Оқушыладың білімін бағалау үшін мынадай жағдайларды ескеру қажет:

· оқушы білімінің жақсы жақтарын және кемшіліктерін дәлелдеу;

· баға әділетті болуы қажет, оқушының бағасын әдейі төмендетуге, оған өте жеңіл-желпі қарауға және ымырашылдыққа салынуға болмайды;

· оқушылардың кейбір теріс қылықтары үшін бағаны жазалау құралы есебінде қарастыруға болмайды;

· оқушылар білімін тексеруді және бағалауды сабақтың әрбір кезеңінде іске асыру керек.

Үлгерімді бағалау «балл» есебінде көрсетіледі. Келесі кезекте баға және оның өлшемі қандай, соған тоқталамыз. Қазіргі кезде білім беру саласының барлық құрылымында оқу-таным әрекетінің сапасын анықтайтын дәстүрлі “5”балдық жүйелер қолданылады.

“5”бағасы – оқу материалын толық, дәл логикалық бірізділікпен айтылған жауапқа қойылады;

“4”бағасы – оқу материалын толық біледі, бірақ болар-болмас кемшілігі бар жауапқа қойылады;

“3”бағасы – жауабы негізінен дұрыс, бірақ толық емес, білімінде кейбір проблемалар еске алынбаған жауапқа қойылады;

“2”бағасы – оқушы жауабында қателер, білімінде елеулі кемшіліктер бар жауапқа қойылады;

“1”бағасы – тексерілген оқу материалы бойынша білімі жоқ, толып жатқан өрескел қателер үшін қойылады.

Оқушылардың білімін тексеру процесінде оларға тек қана баға қоюмен шектелуге болмайды. Мұғалім оқушы оқу материалын қалай ұқты, білімі қаншалықты берік, терең, дәл, анық, міне, осы жағына баса көңіл аудару керек. Оқытушы тексерудің барысында оқушылардың үлгерім динамикасын, білімдерін тексеруде олардың ынтасын зерттейді, тексерудің үнемі жүйелі түрде болып отыруын қамтамасыз етеді.

Оқушылардың үлгерімін сандық белгімен көрсетудің әр түрлі жүйелері «балл» түрінде басқа елдерде де қолданылады.

Венгрия және Чехословакияда бес «балды» жүйе қолданылады. Венгрияда бес – жоғары, бір – төмен баға, ал Чехословакияда бір – жоғары, бес – төмен баға болып қойылады.

Румыния, Голландия және Ауғанстан мектептерінде оқушыларға 1-ден 10-ға дейін баға қойылады. 10 – өте жақсы, 1 – өте жаман, ал сыныптан сыныпқа көшіру 5-6 сандық белгілерімен бағаланады.

Францияның бастауыш мектептерінде оқушыларға 10 балдық жүйе бойынша, ал лицейде 20 балдық шкала арқылы баға қойылады.

Америка Құрама Штаттарында оқушыларға баға қоюда әріп жүйесі қолданылады: А, В, С – жақсы, Д,Е – жаман баға. Көптеген оқу орындарында бір жастағы әр түрлі дарынды оқушылар топтарға бөлінеді А – дарынды, В – қарапайым, С – қабілетсіз. Оқушының қай топқа жататынын анықтау үшін оны әр түрлі сыннан өткізеді, соның нәтижесінде оған «ақыл-ой қабілетінің коэффиценті» атағын береді. «Дарынды» оқушыларды дамыту үшін ерекше жағдай жасайды, «қарапайым» оқушылар тек ана практикалық білім және пайдалы дағдылардың минимумын алады.

Жапонияда оқушыладың білімін есепке алу және бағалаудың басқа формалары қолданылады, оны мадақтау деп атайды. Мұғалім оқушының жауабын тыңдап болған соң, оған: «Бүгін сенің жауабың өткенге қарағанда әлдеқайда жақсы және тыңғылықты. Мадақтауға тұрарлық. Жарайсың!» — дейді. Бірақ оқушыларға баға қойылмайды. Өткен материалды игеруді есепке алу үшін логикалық есептер жүйесін және әр түрлі тестілер қолданылады. Оларды мұғалім жасайды. Тестілер бойынша оқушылардың жауабын 10-нан 100ұпайға дейін бағалайды. Оқу жылының аяғында оқушыларға мінездеме жазылады, онда әрбір оқушының алған ұпай саны алынады.

Куба мектептерінде емтихан және баға қою жойылған. Толық мінездеме беру жүйесі енгізілген, оған оқушылардың оқу бағдарламасын игеру және мінез-құлқы жөнінде барлық мәліметтер енгізіледі[3; 215б.].

Бағалаудың басты міндеті оқушының мемлекеттік білім беру бағдарламасын қаншалықты игергенін тексеру әрі анықтау болып табылады. Бұл көп жағдайда қорытынды нәтижеге қатысты айтылады (тоқсандық, жылдық, қорытынды баға). Бағалау үрдісінің бала психикасына, сондай-ақ санасына әсерін біршама көңіл бөліп, зерттеген ғалымдардың санатына Б.Г.Ананьев (1980), В.А.Сухомлинский (1972), Ш.А.Амонашвили (1987), Н.П.Аникеева (1989) және т.б. ғалымдарды жатқызса болады. Бүгінгі күні педагогикаға қатысты мерзімді баспасөздерде айтылып жүргендей, қазіргі уақытта оқушы болсын, педагог болсын білім деңгейінің көрсеткіші ретінде 5 баллдық бағалау жүйесін аздық етеді, оған қанағаттанбайды. Бұндай бағалаудың күйзеліске, жүйкенің тозуына әкеліп соқтыратын негізгі фактор екенін (Н.П.Аникеева), сонымен қатар оқушының ары қарай жетіліп-дамуына зарарын тигізетінін (Г.Ксензова) ескерте келіп, бағалау жүйесінің сапалы түрін ұсынып отыр (Н.П.Аникеева, И.Олендзская, С.Меерсон, Г.Ксензова).

Жоғарыда айтылғандай, күні бүгінге дейін еліміздің оқыту саласында қолданылып жүрген білім-білік дағдысын бағалаудың “5”балдық жүйесі, оның сапасын, дәрежесін анықтап белгілеуде барлық жағдайда объективтік тұрғыда қамтамасыз етпейді. Соның нәтижесінде қазіргі кезде жоғары оқу орындарында оқыту процесіндегі рейтинг-тестік жүйе оқу-таным әрекетінің сапасын анықтайтын бақылаудың жаңа түрі өмірге келді.

Бұл жүйенің ерекшілігі оқытушының педагогикалық әрекеті мен студенттердің оқу әрекетінің сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады, оқу процесінің барлық кезеңдерінде олардың білім-білік дағды нәтижелерін тексеріп бағалаудың тиімділігін арттырады.

Ресей Федерациясының 2001 жылғы жалпы білім беру туралы заңның жаңаруына байланысты қазіргі бағалау жүйесінің басты кемшіліктеріне ерекше көңіл аударылады [4].

· Бағалау механизмі толықтай педагогтің қолында және де ол оқушыларға педагог тарапынан қолдау көрсету ретінде емес, сыртқы бақылауға бағытталған.

· Оқушылардың жеке (индивидуальді), жобалық, тәжірибелік, шығармашылыққа бағытталған жұмысын бағалау жүйесінің жоқтығы.

· Оқушылардың өзін-өзі бақылау, өзін-өзі бағалауын дамытуға бағытталған мақсатты педагогикалық жұмыстың жоқтығы.

· Бағалау мен бақылауда «субъективизм» және «авторитаторлық» жүйенің кездесуі.

Қорыта келе, шын мәнінде бағалаудың қызметі оқушылардың білім алу деңгейін тексерумен ғана шектелмейді. Неге десеңіз, оқушыларды обьективті бағалаудың зардабынан оларда өзін-өзі баламалы бағалау, оқуда табысты болатындарына сенбеу, күмәнмен қарау сынды өзіндік түсініктер қалыптасады. Сондықтан қазіргі білім-білік дағдыларын бағалау жүйесі қайта қарауды қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Педагогика. Дәрістер курсы. – Алматы: Нұрлы әлем, 2003ж. – 368б.

2. Педагогика: Оқу құралы. Жалпы редакциясын басқарған Құдиярова А.М. – Алматы: Дарын, — 2004ж. – 448б.

3. Ж.Б.Қоянбаев. Педагогика. – Алматы. – 215-217б.

4. Инструктивное письмо Министерства высшего и среднего специального образования СССР от 26.10.01 № 31 «О контроле учебной работы и оценке знаний студентов на экзаменах».

5. Ананьев Б.Г. Психология педагогичекой оценки: Избранные психол. труды в 2 т. – Т.2. – М.: Педагогика, 1980ж. – 129-267б.

6. Педагогика: Оқулық. Ред. басқ. П.И.Пидкасистый; Ауд.: Г.К.Ахметова, Ш.Т.Таубаева. – Алматы: Қазақ университеті, 2006ж. – 336б.

7. Википедия материалдары.

Advertisements

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s